Біреу жазысқан хат-хабарымды жариялады. Не істеуге болады?

masa.media нұсқаулығы


27/10/2021
15:15 13799 0

Жұртқа WhatsApp, Telegram-да жазғаныңыздың скриншоты тараған болса, не істегеніңіз жөн?

 

Әлдебіреу досыма жібергендерімді парақшасында жариялапты. Бұл заң бұзу ма? 

 

Иә, хат жазысу құпиясы — әркімнің Конституцияда жазылған құқығы. Бұл құқықты бұзған адам Қылмыстық кодекстің 148-бабына сай жауапқа тартылады. 

 

Танысыммен жазысып едім. Чатты жариялаған сол. Бұл да заң бұзу ма? 

 

Жоқ, өйткені мұнда кем дегенде бір тарап келісім беріп отыр. 

 

Алайда жарияланған чатта адамның жеке құпиясы, мысалы, бала асырап алуға байланысты мәлімет көрініп тұрса, бұл заң бұзу болып саналады. 

 

Хабарламаны интернетте жарияламай, бөгде адамдарға көрсетсе ше? 

 

Айырмашылық жоқ. Бұл да хат жазысу құпиясын бұзу. Бірақ әдетте мұндай заңсыздықты анықтап, дәлелдеу қиын.   

 

Чатта құпия дейтін ешнәрсе жоқ 

 

Хат-хабар не туралы болғанына қарамастан хат жазысу құпиясын бұзуға болмайды. Сот істерін қарау тәжірибесіне сенсек, өзгенің жеке өміріне қол сұғу деген оның жеке немесе отбасына қатысты құпия бар чат, хаттарды жариялау ғана емес. 

 

Әрі біреу чатты оқыған бойда қылмыс жасалды деп есептеледі. 

 

Осы айтылғанның бәрі тек хат алмасуға қатысты ма?

 

Жоқ. Дауысхат та, телефон арқылы сөйлесуді де, кәдімгі хатты да келісімсіз жариялауға, көрсетуге болмайды. 

 

Хат жазысу құпиясын бұзғандар қалай жауапқа тартылады? 

 

  • 2 мың АЕК-ке дейінгі (5 834 000 теңге) айыппұл төлейді немесе түзеу жұмысына тартылады. 
  • 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа жегіледі.  
  • Екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі не одан айырылады. 

 

Қылмыскер қызметін я тыңшы бағдарламаларды қолданып, басқа біреудің хат-хабарын оқыса, қатаң жазаға кесіледі: белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылады, бес жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалады. 

 

Жазғандарымды біреу жарияласа, не істейін? 

 

Полицияға хабарласыңыз. Интернеттен арыз жазу үшін:

 

  • Qamqor.gov.kz сайтына кіріңіз;
  • «Полицияға арыз беру» батырмасын басыңыз;
  • «ЭЦҚ арқылы» немесе «ЭЦҚ-сызды» таңдаңыз;
  • Өтінішті толтырыңыз.
Поделиться

Нет комментариев.

27/10/2021 15:15
13799 0

Уведомление